Қанттың бағасы неге өсті?

Шенеуніктер болса, дүрлікпеге еш негіз жоқ дейді. Өнімнің қоры облыста жеткілікті. Дегенмен, алып-сатарлар сұранысты өз пиғылдарында қолдана білген. Тұрғындардың айтуынша, қант құны 400-600 теңгеге дейін барған. Қантқа деген сұраныстың төмендемей тұрғанына бірнеше күн болып қалды. Базарларда қаппен әкетіп жатса, дүкен сөрелерін кейбіреулер бірнеше рет айналып келіп сатып алып жатыр. Кешке тұрғындар жұмыстан шыққанда, кезектер тіпті артатын көрінеді. Әлеуметтік дүкендерде өнім құны қатаң бақыланады -264 тг. Дегенмен, басқа сауда орындарында демалыс күндері баға удай болды дейді.

 

- Маған керек кезде қант жоқ болды. Ал қазір бар. Өте қымбат, 600 теңгеден сатты. Адамдар өз-өздеріне қарбалас ұйымдастырып жүр, - дейді қала тұрғындарының бірі.

 

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Ресей өз елінен қант өнімінің экспортына уақытша тиым салып, бұл отандастарымыздың тапшылық болады деп, дүкенге асығуына негіз болды. Көкшетау мен Қарағанды қалаларындағы талас бейнелер әлеуметтік желілерде тез тарап кеткен. Павлодарлық әлеуметтік-өндірістік корпорациясында қантты жаппай сатып алуға себеп жоқ деді. Қант қоры жеткілікті.

 

- Қазіргі таңда қант қоры 2000 тоннаға жуық. Өнім өңіріміздегі 180 сауда нүктесінде сатылады. Олардың қатарында әлеуметтік дүкендер, супермаркет желілері де бар. Сөрелердегі қант келісінің бағасы 264 тг аспауы тиіс, - дейді Павлодар «ӘӨК» АҚ департемент директоры Амантай Байзақов.

 

Жақында ғана Павлодарға 18 вагон қант жеткізілді деген бейне тарады, бұл ретте шенеуніктер де тұрғындарды сабырға шақырды. Бірнеше айдан кейін қант тапшылығы болады деген ақпарат жалған деп мәлім етті.

 

Авторы: Дархан Бекишев.