Қар үстіне салынған балалар алаңы

Жаз мезгілінде аталмыш жер телімі бос тұрған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күзде мұнда тартан жабыны пайда болды. Ал өткен аптада әткеншектерді орната бастаған.  Адамдар жағдайға шағымдануда. Айтуларынша, минустық температурада орнатылған кіші формалардың беріктігі жоғалады.  

 

- Мұнда күнделікті балалар ойнайды. Кешеннің құрылысы толық аяқталмаған көрінеді. Жазғы уақытта мұнда ешқандай жұмыстар жасалған жоқ. Басқа мекенжайларда орнатқанымен, біздің үйде басталмады. Менің ойымша қыс мезгілінде құрылымдарды орнату дұрыс емес, - деді Ак. Шөкин көшесіндегі №25-үйдің тұрғыны Әйгерім Дүйсенбекова.  

 

Айта кетсек, биыл 100 балалар алаңын орнату жоспарланған еді. Ол үшін бюджеттен 680 миллион теңге бөлінді. Қала әкімдігінде барлық жұмыстар мерзімге сай аяқталғанын мәлімдеді. Ал бұл кешен резервте қалып, оны осында қою шешімі қабылданды.  

 

- Аталмыш жобаның барлық жұмыстары аяқталғаннан кейін, қорымызда қосымша 6 балалар алаңы қалды. Қысқа мерзімде тізімдегі мекенжайлар анықталып, орынды дайындау жұмыстары жасалды. Кейін Павлодарға қар түсті. Бүгінде монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Қосымша балалар алаңдарын орнату жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталады. Оның ішінде Шөкин, 25 мекенжайы да бар.