Қаржылық пирамидаларға алданбаудың жолы бар ма?

Қолыңыздағы аз ақшаны бірнеше еселеп көбейтіп береміз, аз уақытта қомақты қаржыны иемденесіз, осындай жалған желеуге сеніп, бар қаражатын белгісіз бір компания қорына құйып артынан сан соғып қалғандар қатары көбеюде. Сондай қаржы пирамидасынының қармағына ілініп қалған біздің кейіпкеріміз есімін атамауды өтінді. Бірақ, басқаларға сабақ болсын деп басынан өткен оқиғаны айтуды шешкен. Алаяқтармен көршісі арқылы танысыпты.

- Олар фирмалары жайлы өте әдемі әңгімелер айтты. Бірақ, мен оларға бірден сенген жоқпын. Кейін менің көршім мен 3,5 миллион теңге несие алып, ақшамды салдым деп айтып. Өзінің телефонына бонустардың түсіп жатқанын көрсетті. Мен сонысына қызығып қалдым, - дейді жапа шегуші.

Екінші кездесуге қаржы пирамидасының өкілдері жақсылап дайындалып келген. Қала мейрамханаларының бірінде адамдарды жинап, қымбат көліктерін көрсетіп, олар да аз уақыттың ішінде осылай жасай алатынын айтқан. Бұл жолы кейіпкеріміз сеніп қалған.

- Бір аптадан соң мен көршіме жалақы алғанымды айтып, 200 мың теңге бердім. Бірақ, оған дейін маған көрсеткендей менің телефоныма ешқандай бонустар түскен жоқ. Үш күннен кейін көршім ол фирманының жабылып қалғанын айтты, - деді кейіпкеріміз.

Нәтижесінде ақша да жоқ, компания да атымен жоқ. Қаржы пирамидасымен байланысты оқиғалардың барлығы осылай аяқталады. Оған қарамастан алданып қалғандардың қатары тек қосыла береді. Себебі, алаяқтар өз жұмысын жақсы біледі дейді мамандар.

- Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары өз ісін жақсы білетін мамандарды жұмысқа алады. Олар адам психологиясымен жақсы таныс. Жылдам әрі жеңіл ақша табумен қызықтырады. Сондай-ақ, қаржы пирамидасының түрлі формалары бар. Кейбіреулері жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға ұсыныс жасайды. Үлкен табысқа кенелгісі келетін адамдар оған сеніп қалады, - деді Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің өкілі Арман Әбетанов.

Осы жылы экономикалық тергеу департаментімен екі қаржы пирамидасына қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Осы ретте, тұрғындарды аса сақ болып, жеңіл ақша жайлы ертегілерге сенбеуге шақырады. Ал егер ондай жағдай орын алып жатса бірден қаржы мониторингінің органдарына бірден хабарлауды сұрайды. Немесе 61-33-05 телефон номеріне қоңырау шалуға болады.

 

Авторы: Аида Адрахова.