• Басты бет
  • Қоғам
  • Қашан, қалай, не үшін?: Облыста қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады

Қашан, қалай, не үшін?: Облыста қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады

 

 

Павлодар өңірінде қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталмақ дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді.

 

- Қазіргі таңда бұл індеттің алдын алудың жалғыз жолы - вакцина. Бұл вакцина АҚШ-та өндірілген. Біздің аймаққа 5600 доза сатып алынды. Ол екі кезеңнен тұрады. Екіншісін алты айдан соң салу керек. Екпе ата-ананың рұқсатымен ғана салынады,-деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Алиев.

 

Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін. Ал мед пункттері жоқ шалғай ауылдарға арнайы бригадалар барады.

 

- Екпе қауіпсіз. Оның кері жанама әсерлері жоқ. Және болашақта адамның репродуктивті қызметіне тигізетін кері әсері жоқ. Ол АПВ-ның төрт типінен қорғайды. Вакцина жасап сіз баланы ертеңге қауіпті індеттен қорғай аласыз,-деді Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Алиев.

 

Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі.

 

Фото: Freepik.com