• Басты бет
  • Қоғам
  • Қазан айынан Қазақстанда жұмыс іздеушіге жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі өзгерді

Қазан айынан Қазақстанда жұмыс іздеушіге жұмыссыз мәртебесін беру мерзімі өзгерді

 

Енді оған бұрынғыдай екі күнтізбелік күн емес, 13 күн беріледі. Бұл қосымша уақыт не үшін қажет және Павлодар тұрғындарын жұмысқа орналастырудың қандай жаңа мүмкіндіктері пайда болды? Ол туралы irbistv.kz тілшісі анықтап көрді.

Мансап орталықтары мамандарының айтуынша, жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімінің ұзартылуының басты мақсаты — азаматқа барынша қысқа мерзімде лайықты жұмыс орнын табу. 13 күн ішінде мамандар адамның білімін, дағдыларын және кәсіби талап-тілектерін жан-жақты саралай алады. Осы мәліметтер негізінде оған жұмысқа орналасудың қолайлы нұсқалары ұсынылады.

-Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздардың айырмашылығы мынада: азамат жұмыс іздеу кезеңінде болған кезде, оны жұмыспен қамтуға бағытталған барлық шаралар қолданылады. Ал азамат жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін, ол медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болып есептеледі, - деп мәлімдеді Павлодар облысы еңбек мобильділігі орталығының директоры Қазбек Жомартов.

Сонымен қатар, павлодарлықтарға жұмыс іздеуге жасанды интеллект те көмектеседі. Ол үшін мансап орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде есепке тұрудың қажеті жоқ. Өңірде жұмыспен қамтудың цифрлық қызметінің пилоттық жобасы іске қосылды. Жүйе «Enbek» платформасы арқылы жұмыссыз азаматтарға өзі SMS хабарламалар жіберіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынады.

-Ол сілтеме арқылы өтіп, жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі платформасында түйіндемесін жасап, жұмыс берушіге тікелей өтініш жібере алады. Оның өтініші мен түйіндемесі жұмыс берушінің жеке кабинетінде көрінеді. Жұмыс беруші оны әңгімелесуге шақырып, жұмысқа қабылдай алады. Бұл жерде барлық процесс тікелей жүзеге асады. Яғни жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші ретінде есепке тұру міндетті емес, - деп түсіндірд маман.

Бүгінде Павлодар облысындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға көмек алды. Олардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасса, енді бірі уақытша жұмыспен қамтылды.