Қазақстанда майнинг фермалары салық төлейтін болады

Павлодар облысында мұндай кәсіпорындар көп. Шенеуніктер табысты майнерлер мемлекетке пайдасын тигізуі тиіс деп санайды. Мәселен, Екібастұз қаласының маңындағы майнинг фермаларының бірі өз жұмысын бастаған кезде 15 мегаватт шамасында энергия тұтынған. Біздің аймағымызда электр қуаты қолжетімді және арзан, сондықтан Павлодар облысы криптовалюта табуды көздегендер үшін өте қолайлы өңір.

- Қазақстанда майнинг фермалар өз жұмыстарын белсенді түрде 2021 жылдан бастады. Бізде ондай кәсіпорындар Екібастұзда бар. Тіпті Екібастұз аумағында іске қосылып, бірақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда тіркелгендері де бар, - дейді  Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндірме жұмыстары басқармасының басшысы Галина Бирюкова.

Елімізде криптовалюта өндірісін өткен жылы заңдастырған еді. Бір қызығы, тек он екі айдың ішінде криптобизнеске 60 миллиард теңге қаражат тартылды.

- Жаңа төлем 606-шы бап бойынша қарастырылған. Оның мөлшерлемесі тұтынылған 1 киловат электр қуаты үшін 1 теңге. Аталмыш төлем бойынша салықтық есеп беру қарастырылмаған, ол лицензияланбаған, - дейді Галина Бирюкова.

Елімізде криптовалюта өндіргенімен оны қолданбайды. Қаржылық операциялар жүргізілмейді. Бүгінде еліміз бойынша майнинг фермалардың саны артып келеді. Әсіресе, Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстарында.