Қазақстанда қатты отынның құны қанша?

2021 жылдың қаңтар-қазанда өндірілген көмір көлемі 92,6 миллион тоннаны құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ке артық. Өндірістің жартысынан астамы Павлодар облысына тиесілі, мұнда 53,7 миллион тонна тас көмір өндірілді, бұл - еліміздегі жалпы көлемнің 58%.
Баға туралы айтсақ, қатарынан екінші жыл көмір қымбаттауы тіркеліп отыр. Бұл туралы, ұлттық статистика бюросы мәлім етті. Мысалы, 2021 жылдың қыркүйегінің қорытындысы бойынша елдегі тас көмір бағасы орта есеппен 5,7%-ға өсті. Отын Қазақстанның 17 облысының 14-інде қымбаттады. Салыстырғанда, бағаның айтарлықтай өсуі біздің өңірде аса байқала қоймады. Соның өзінде құны аз емес. Павлодар аймағында орташа алғанда көмірдің бір тоннасы 11,3 мың теңгеден саудаланады.

Сарапшылар, көмір бағасының қымбаттауы қатты отынның жасанды тапшылығы дейді. Бүгінде дүрлікпе бәсеңдегенімен, көмір мәселесі жылдан жылға қайталанатыны жасырын емес, ал сұраныс артқан кезеңде разрездердің алдында үлкен кезектер пайда болатыны баршаға мәлім. Кейбір алыс елді мекендерде тас отынның тоннасы 16 мың теңгеге дейін көтерілген еді.