• Басты бет
  • Қоғам
  • Қазақстандық жүргізушілерге қысқы дөңгелекке ауысу ескертілді

Қазақстандық жүргізушілерге қысқы дөңгелекке ауысу ескертілді

8–9 қарашада Астана – Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар тасжолдарының кей бөліктерінде жазғы дөңгелекпен жүруге уақытша тыйым салынған. Полицейлер мұндай көліктерді жолдан әрі қарай өткізбеген.

9 қарашада Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар, кей жерлерде қалың қар жауады деп болжанған. Соның салдарынан жолда көріну қашықтығы нашарлап, көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге көліктер арасындағы қашықтықты сақтап, жылдамдықты жол жағдайына қарай төмендету және күрт маневр жасамау ұсынылды.

Республикалық тасжолдардың жағдайын тәулік бойы 1403 нөмірі арқылы білуге болады.

Айта кетейік, Қазақстанда қыста жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілерге 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынады.

Ал 9 қарашадан бастап Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал тасжолдарында көліктердің орташа жылдамдығын есептейтін жүйе іске қосылады.

Жүйе көліктің жолдың белгілі бір бөлігіне кірген және шыққан уақытын тіркеп, оның орташа жылдамдығын автоматты түрде анықтайды. Жалпы ұзындығы 42,2–122,4 шақырым болатын алты учаске бақылауға алынады. Бұл жолдарда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 100–140 шақырым аралығында.

Жүргізуші жылдамдықты асырса, заңбұзушылық туралы ақпарат тиісті органдарға жіберіледі. Айыппұл мөлшері жылдамдықты қаншаға асырғанына байланысты:

  • 10–20 шақырымға асырса – 5 АЕК (21 625 теңге);

  • 20–40 шақырымға асырса – 10 АЕК (43 250 теңге);

  • 40 шақырымнан артық асырса – 20 АЕК (86 500 теңге).

Бір жыл ішінде осы заңбұзушылықты қайталаған жүргізушіге 30 АЕК (129 750 теңге) айыппұл салынады. Ал айыппұлды жеті тәулік ішінде төлесе, оның 50 пайызын ғана төлеуге болады.