Қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынады
Қазақстанда ағымдағы жылдың 2 наурызынан бастап Мемлекет басшысы қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енеді. Белсенділермен кездесу өткізген Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким жаңа заң аясында азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеу идеологиясына басымдық беріледі дейді.
-
Бұл заң жануарларға емес, адамдардың өзі, қоғам үшін маңызды. Жануарларға деген көзқарас мәселесі өзекті. Бұл сала нақты әрекеттерді қажет етті, енді жаңа шаралар қолданылады. Зооқорғаушылармен кездесіп, олардың мұңын тыңдап, жағдайды түзету басты мақсат,- дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.
Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізуге тиым салынады. Бұған қарсылық білдіріп жатқандар да жоқ емес.
-
Ұсыныстар ғана емес, шағымдар да келіп түсуде. Мысалы, ит айқастыру жарыстарына тиым салынғандықтан, бұндай шараларды ұйымдастыратын азаматтар заңға қарсылықтарын жеткізуде. Меніңше, тиым салу дұрыс шешім. Ал иттерді спортқа үйреткісі келсе, аңшылыққа баулуға еш кедергі емес. Түрлі мүмкіндік бар, - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.
Өзгерістердің жүзеге асуына уақыт беріледі. Жаңа Заңға сәйкес 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап иелері өз үй жануарларын тіркеуге міндетті. Сондай-ақ иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынады.
Авторы: Айтмұхамбет Айғожа