• Басты бет
  • Қоғам
  • Қоқыс контейнелеріне 10 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді

Қоқыс контейнелеріне 10 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді

Бүгінгі таңда Павлодар қаласында құрамында сынап бар қалдықтарды тастайтын 127 контейнер бар. Олар шаһардың әр бөлігінде көпқабатты үй аулаларында орналасқан. Алайда тұрғындар арасында тоқсары түсті жәшіктерді қажетіне сай пайдаланатындар аз болып шықты.

 

-Мен біреу лақтырып жатқанын көрмеппін. Мен өзім пайдаланбаймын. Адамдар сындырып тастай ма білмеймін. Керек те шығар мұндай контейнерлер, бірақ неге сындырып, бүлдіреді түсінбеймін,- дейді қала тұрғындары.

 

Көп жағдайда бұл контейнерлерді бүлдіріп, сындырып жарамсыз етіп жатады дейді әкімдікте. Құлпын, есіктерін сындырады. Қабырғалары мен сөрелерін майыстырады. Аталмыш жағдайда қызмет көрсетуші ұйым контейнерді жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте есіктерін, сөрелерін немесе басқа элементтерін ауыстырады.

 

-2022 жылы құрамында сынап бар қалдықтар утилизациясына 3 млн 136 мың теңге бөлінді. Айына екі рет контейнерлердегі қалдықтардан босатылады. Одан кейін қалдықтар жойылады. Утилизацияға жататын шамдар саны биыл 35 мың дананы құрайды, - дейді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Аталмыш контейнерлердің қызметіне биыл 9 миллион 700 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурс жарияланған. Айта кету керек, ішінде сынап бар қалдықтарды жоюмен айналысатын мердігер бұл ақшаның үштен бірін ғана алады.

 

 

Авторы:Бибінұр Хамитқызы