• Басты бет
  • Қоғам
  • Құрылыстағы былық: мемлекетке 480 миллион теңгеден астам шығын келген

Құрылыстағы былық: мемлекетке 480 миллион теңгеден астам шығын келген

Прокурорлар 2023-2026 жылдар аралығында Павлодар облысында салынған нысандарды тексерген. Құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары орындалған жұмыс актілеріне еш кедергісіз қол қойған. Алайда прокурорлардың пікірінше, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шағым түсіріп, сотқа жүгінуі керек еді. Себебі мердігерлер құрылыс барысында материалдар мен жабдықтарға келгенде үнемдеуге жол берген.

 

-Құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары №1 қалалық ауруханаға орнатылмаған және желіге қосылмаған жабдықтарды заңсыз қабылдаған. Операциялық блоктардың бір бөлігі пайдалануға беруге мүлде дайын болмаған. Қымбат медициналық жабдықтар қаптамасынан да шығарылмаған. Ал жүк лифтілері мен желдету жүйесі пайдалануға әзір болмаған, - деді Павлодар облыстық прокуратурасының прокурорының көмекшісі Әділ Жұмабеков.

 

Прокурорлар аудандардағы құрылыс жұмыстарының жай-күйін де көрсетті. Мәселен, ауылдық амбулаторияларды салу кезінде бірқатар материалдың сапасы мен қалыңдығына қатысты талаптар сақталмаған. Жоба бойынша шатыр жабынының қалыңдығы 0,7 миллиметр болуы тиіс болса, іс жүзінде 0,5 миллиметр ғана болған. Жылу оқшаулағыш материалдың қалыңдығы 130 миллиметрдің орнына 100 миллиметрге де жетпеген. Ал арнайы сертификатталған медициналық жарықтандыру құрылғыларының орнына кеңселерге арналған қарапайым LED шамдары орнатылған.

-Барлық ескертулер қабылданды. Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктер жойылып жатыр. Кепілдік міндеттемелер аясында сотқа жүгіну рәсімдері басталды. Құрылыс басқармасы бойынша кепілдік мерзімі 10 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде кепілдік міндеттемелерін орындату үшін сотқа талап-арыз беруге құқығымыз бар, - деді Павлодар облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев.

Бекітілген жобадан ауытқып орындалған жұмыстар үшін мердігерлерге қаржы төленген. Соның салдарынан бюджетке келген шығын көлемі 484 миллион теңгені құраған. Қазір бірқатар нысанға қатысты материалдар әкімшілік және қылмыстық істер аясында қаралып жатыр.