• Басты бет
  • Қоғам
  • Құтқарушылар балаларға өрт қауіпсіздігі жайлы еске салды

Құтқарушылар балаларға өрт қауіпсіздігі жайлы еске салды

Жаттанды дәрістің орнына — жауынгерлік киім, ауыр оттегі баллондары мен гидравликалық қайшылар. Төтенше жағдай кезінде ғана қолданылатын бұл құралдарды бүгін балалар жақыннан көріп қана қоймай, қолмен ұстап та көрді. Өрт сөндірушілер бүлдіршіндерге нағыз құтқарушының жабдықтары неден тұратынын егжей-тегжейлі таныстырды.

-Өрт қауіпсіздігі он күндігі өткізілуде республика бойынша, бүгін төртінші күн. Ол осы балабақшаларда балалармыздың өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша және өрт болған жағдайда өзінің іс-әрекетін және эвакуациялау жүргізу кезінде өз іс-әрекетін пысықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, - дейді Павлодар облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысы Оразбек Уәлиханов.

Интерактивті формада өткізілген іс-шара барысында бүлдіршіндер өрт шыққан жағдайда не істеу керектігін, төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау қажеттігін және отпен ойнауға неліктен болмайтынын білді. Әрі балаларға шұғыл қызметтердің 101 және 112 нөмірлерін еске салды. Сондай ақ балалар жылдамдық пен ептіліктерін көрсетіп, түрлі эстафеталарға қатысты.

ТЖД өрт қауіпсіздігі онкүндігі аясында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Оның аясында көпбалалы отбасыларға, жалғыз тұратын зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға ерекше назар аударылады.