• Басты бет
  • Қоғам
  • Үйіміз суық. Павлодарда жылу мәселесі шешілмеген үйлер бар

Үйіміз суық. Павлодарда жылу мәселесі шешілмеген үйлер бар

Майра көшесіндегі №3-үйдің тұрғындары қыс басталғалы пәтер салқындығына шағымдануда. Бүгінде үйдегі батареялар сәл ғана жылы дейді. Адамдар мәселенің шешімін табу үшін жиналыс ұйымдастырды.

- Батареяларымыз салқын. Өткен аптадағы аяз кезінде пәтерлердегі температура күрт төмендеді. Кейін барлығы тұрақталады деген ойда болдық. Алайда, ешқандай өзгеріс болған жоқ. Барлық инстанцияларға хабарластық. Бізге батареяның ауасын шығарыңдар деді. Бірақ ол еш көмектеспеді, - дейді Майра көшесіндегі №3-үйдің тұрғыны Айнаш Айыпбергенова.

Оқиға орнына келген қызмет көрсетуші ұйымның басшысы тұрғындарға жертөледегі параметрлерді көрсетті. Температура нормаға сай берілгенімен, 9-қабатты үйге қажетті қысым жоқ.

- Бүгін бізде осындай жағдай орын алды. Соңғы 3 аптада бұл ауданға тиесілі көпқабаттыларға гидравлика бойынша нөлдік көрсеткіш берілуде. Өткен аптада 100 грамм болса, қазір мүлдем жоқ. Ол қайда кеткенін білмейміз. Жылу желілері өкілдерін 2 рет шақырттық. Температура жақсы берілгенімен, гидравлика және қысым жоқ, - дейді қызмет көрсетуші ұйымның басшысы Евгения Шквира.

- Майра көшесіндегі №3-үй №21 жылу бекетіне қосылған. Орталық жылу бекетінің температуралық және қысым көрсеткіштері нормаға толықтай сәйкес. Жылыту кемдігі бойынша тұрғындардан түскен өтінішке байланысты алдағы уақытта онда жөндеу бригадасы жіберіледі. Олар жылыту кемдігінің себебін анықтайды, - деді энергетикалық компанияның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Роман Гончаренко.

Сондай-ақ, жылудың дұрыс берілмеуі көпқабаттының жылу магистральде соңғы орналасқаннан болуы мүмкін деді алпауыт мамандары. Бұған қарамастан, тексеріс жұмыстары жүргізіледі.

 

Авторы: Айтмұхамбет Айғожа.