ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жүлделі кубокты «Восточный» кеніші, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «ERG Service», «ЕЭК» АҚ және Ақсу ферроқорытпа зауытының командалары өзара сарапқа салды. Сайыстың басты ережесі — алаңнан қарсыластың асығын қағып шығарып, барынша көп ұпай еншілеу. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, бұл ұлттық ойынның астарында ұтымды тактика, қырағы зейін мен нағыз тартысты күрес жатыр.

 

- Осындай турнирлердің арқасында ұлттық ойынымыз, асық ату ойыны, жастар арасында дәріптеліп, насихатталып, осындай жарыстардың арқасында біздің осы асық ату спорт түріне ынталандырып, ары қарай дамытуға үлес қосамыз, әрине, - дейді«Қазхром» ТҰК АҚ АқсФЗ өндіріс директоры Асылбек Иманқұлов.

 

Көнеден жеткен ұлттық ойын бүгінде жаңа сипат алып, заманауи спорт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуда. Ұйымдастырушылардың пікірінше, асық ату сайыстары салт-дәстүрді жаңғыртып, төл өнерге деген құштарлықты арттыра түседі. Ал «ERG» тобы үшін ұлттық спортты қолдау — өңірлердегі кешенді әлеуметтік жұмыстың маңызды бір бағыты. Сәйкесінше, спорт инфрақұрылымын нығайту және кәсіпорын еңбеккерлері мен олардың отбасылары арасында спартакиадалар ұйымдастыру — осы асыл мұраны өскелең ұрпаққа аманаттаудың тиімді тетігі.

 

-Мен бұны кішкентай кезімнен хобби ретінде қараймын, негізгі күреспен айналысқанмын. Ал асық ату ол хоббиім. Үйде асықтар жинайтынмын. Тауға барып, қыналарды алып, асықтарды бояйтынмын.400 асықтай болды кішкентай кезімде. Сосын жұмысқа орналасқан соң, мында да жарыс болатын білдім. Хоббиді жарысқа айналдырдым, - дейді «Қазхром» ТҰК АҚ АқсФЗ спорт инструкторы Рауан Мұқажанов

 

 

Асық атудан өткен алғашқы корпоративтік турнирде Ақсу ферроқорытпа зауытының құрамасы чемпион атанды. Ал «Восточный» кеніші күміс жүлдені қанжығасына байласа, қола медаль «ЕЭК» АҚ өкілдеріне бұйырды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнайы кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.