Ұлы Отан соғысында қаза болған майдангердің сүйегі еліне жеткізілді
Батырымыздың мүрдесі 2019 жылы Ленинград облысының Киров ауданында табылып отыр. Ресейлік іздестірушілер тағы 3 қызыл әскер сарбазының мәйітін көтерген. Әр қайсысының өз медальоны жанында болыпты. Майдангерлердің бірі Қызылорда облысынан ұрыс даласына 1942 жылы аттанған Емберген Асайнов екендігі анықталды.
- Ол Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы. 1900 жылы дүниеге келген. Фашистттерге қарсы жүргізілген ұрыс кезінде көз жұмған. «Майдан жолы» жасағы жедел түрде марқұмның туысқандарын іздестіріп тапты. Бұл ретте, біздің миссия әлі беткен жоқ. Жұмыстар жалғасады, - дейді «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов.
Сонымен қатар, Ленинград облысы маңында қазақстандық 314-атқыштар дивизиясының құрметіне ескерткіш тақтасы бой көтерген. Оның ашылуында Емберген Асайновтың мүрдесі салтанатты түрде елімізден барған делегацияға табысталған еді. Енді майдангер Қызылорда облысына жеткізіліп жерленеді.
