Әбілқайыр Сқақов: «Бұл сұмдық жағдай»
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласына барып, мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге ондағы пәтерлердің бірінен табылған аш жалаңаш балалардың жағдайымен не істеу керектігін талқылады.
-Бұл сұмдық жағдай. Ол барлығымыз үшін сабақ болуы керек. Барлығыңыз егер ешкім жүгінбесе мәселе жоқ деген жүйемен жұмыс істеп келесіздер. Неге бұл балалар бірнеше жыл бойы өкілетті органдардың назарынан тыс қалған? Олар не емханада, не тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмеген. Әлеуметтік қорғау бөлімінде олар көпбалалы ретінде тізімде тұр, ал денсаулық сақтау мен білім басқармасы олардан мүлдем хабарсыз. Осы екі басқарма арасында балаларды жоғалтып алғамыз, - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Денсаулық сақтау басқармасында Ақсудан көшкен отбасы қайта емханаға тіркелмеген соң назардан тыс қалған, оларды ешкім іздемеген деп ақталса, білім басқармасының басшысы басқа мемлекеттік органдардағы ақпараттар жүйесінің өзара байланысы жоқ деді.
- Ұлттық мәліметтер қоры бар. Біз әр баланың қайда көшкенін, орын ауыстырғанын біліп отырамыз. Бірақ біз бұрынғыдай яғни мұғалімдер әр пәтерді аралып түгендемейміз. Сол себепті білім басқармасы балабақша мен мектепке баратын балалар туралы ештеме білмейді. Ведомства аралық комиссия бар, алайда ол толығымен адами факторға байланысты, - деді Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Жуық арада бұл отбасыға барлық әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, балалар бақылауда болады. Аймақ басшысы мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбас үшін осындай отбасыларды жуық арада анықтауды тапсырды. Ол үшін Павлодар облысында мән беру мобильді топтары құрылып, патронажды медбикелер пайда болады.
Авторы: Бибінұр Хамитқызы