Өңір тұрғындары ЖРВИ мен тұмаумен сирек ауыра бастаған
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері өңірде 41 мың тұрғын ЖРВИ-мен ауырған. Оның 26 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, зертханалық тексеру нәтижесінде А типті тұмаудың 7 жағдайы анықталды. Оның үшеуі ересектер арасында, төртеуі балаларда тіркелген. Ал өткен жылдың қараша айында тұмау 30 адамнан анықталған. Мамандар аурушаңдық деңгейінің төмендеуін вакцинациямен де байланыстырады.
-Өңірімізде тұмауға қарсы вакцинация жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда жоспарланған тұрғындардың 99,5 пайызы екпе алған. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, ауа райының қолайлы болуы да аурудың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Өйткені бөлмелерді жиі желдету – ЖРВИ мен тұмаудан сақтанудың негізгі шараларының бірі, - дейді
Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Мадина Қуандық.
Өңірге тұмауға қарсы вакцинаның 80 мың дозасы жеткізілді. Бүгінге дейін 79 мың 618 адам екпе алған. Оның ішінде 396 тұрғынның вакцинациясы жұмыс берушілер есебінен жүргізілген. Дегенмен, аурудың алдын алу тек иммундаумен шектелмейді. Дәрігерлер қолды жиі жуып, ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізуге, бөлмелерді жиі желдетуге және тоңып қалмауға кеңес береді. Әзірге мектептер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда аурушаңдық деңгейі артқан жағдайда, білім беру ұйымдарында тиісті шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.
- Егер бір инкубациялық кезең ішінде сынып оқушыларының 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылады. Оқушылар жеті күнтізбелік күн бойы медициналық бақылауда болады. Ал сырқаттанған балалардың үлесі 30 пайызға немесе одан да жоғары болса, сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі, - дейді маман.
Балабақшаларда күн сайын таңертеңгі медициналық сүзгі жүргізіледі. Суық тию белгілері байқалған балалар топқа қабылданбайды. Бұл инфекцияның өзге бүлдіршіндер арасында таралу қаупін азайтуға бағытталған.

