Өңірімізде мерзімін өтеп келгендер де өз кәсібін ашуда

Николай Араслановтың бұрынғы мамандығы құрылысшы. Жасы 54-те. Қазіргі таңда бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Айтуынша егде жастағы адамдарға екі қолға бір күрек табу оңай емес. Ал бүгінгі жәрмеңкеде түрлі кәсіпорындар мен ұйымдар негізінен техникалық мамандықтарды ұсынады.

 

- Жұмыс іздегеніме біраз болды. Лайықтысын табу оңай емес. Денсаулығыма байланысты ұста, күзетші секілді жұмыс керек. Және тұратын жеріме жақын болса деймін. Ең бастысы – жалақысы жақсы болса, - дейді ол.

 

Жұмыспен қамту орталығы қаладағы он кәсіпорынмен меморандум жасаған. Олар түзету мекемесінен шыққан жандарды жұмысқа алуға міндетті. Ал мамандығы мүлдем жоқ немесе оны ауыстырғысы келетін азаматтар қысқа мерзімді оқу курсынан өте алады. Мерзімі үш ай,  17 мың теңгеге жуық стипендиясы бар. «Бизнес бастау» кәсіпкерлік курсы бойынша үш адам өз ісін дамытуға 200 АЕК көлемінде өтеусіз гранттың иесі болған.

 

- Егер шыққан адамның ешқандай мамандығы жоқ болса, біз оны нарықта сұранысы бар мамандық бойынша оқытып шығарамыз. Алты кісі «Бизнес бастау» жобасын оқып бітірді. Олардың үшеуі өзінің жаңа істеріне қайтарымсыз грант алды, - деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Аманбек Ұнатұлы.

 

Қазіргі таңда түзету мекемесінен шыққан, сонымен қатар пробациялық бақылауда тұрған 218 адам бар. Ал қалалық жұмыспен қамту орталығында бүгінде түрлі мамандықтағы екі мыңдай бос жұмыс орны тұр.