Өңірімізде туризмді жыл бойы дамытпақ
Павлодар облысында туризмді жыл бойы дамыту тұжырымдамасы бұл сала өңіріміздің инновациялық брендіне айналдыруды көздейді. Ұсынылған жоба бойынша алдағы 5 жыл ішінде туризм қызметтері көлемін және өндірістік қуаттылықты 11%-ға арттырып, 5000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Дегенмен, туризмнің экологияға зияндылығы және бұған қарсы шаралар бағдарламада мүлдем айтылмаған дейді тұсаукесер жиынына қатысушылар. Әсіресе Баян өлкесіндегі жаңа қонақ үйлерді ашу, жалпы су қоймаларындағы тазалық сұрақтар туғызды.
Жоба аясында Павлодарда «Золотые пески», «Теплое течение», «Птичий остров» атты жағажайларды абаттандыру, Астана көшесінің Естай-Толстой бөлігі аралығында серуенге арналған жаяужол салу, Галкин ауылында аңшылық базаға жер таңдау, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржанкөл маңында кемпинг салу сынды жобалар көзделуде. Облыс әкімі ауқымды жобалардан бөлек, қала аумағындағы туризм мәселелерін шешуге шақырды.
- Павлодар тұрғындары, тіпті сенбі, жексенбі күндері қала аумағында демалатын жер жоқ деп жиі айтады. Біз экологиялық талаптар ойластырылған, қоқыс лақтыру желері бар, арнайы орындарды анықтауымыз керек. Мәдени демалыс бойынша да, жаңа шешімдерді көрмедім. Жалпы, инвесторларға немен қызық болады. Сол мәселе ашылмады, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Сонымен қатар, облыс әкімдігіндегі жиын барысында «Travel Pvl» атты мобильді қосымша ұсынылды. Ол арқылы өңіріміздегі демалыс орындары туралы ақпарат және олар ұсынған қызметтер қолжетімді болады.

