Өңірімізде індеттің екінші толқынына дайындалуда

Павлодардың солтүстік аймағындағы жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы жақын уақытта аяқталады. Қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп қажетті жабдықтар жеткізіліп, орнатылуда.

 

- Онда қазір цифрлық рентген аппараты, КТ, функционалдық кереуеттер, оттегі жабдығы орнатылып, оттегі тарату станциясы әр палатада болады. Жан сақтау бөлімінде 17 орын бар. Екі апта ішінде барлық жұмыстар аяқталады. Қазір өңіріміздегі эпиджағдай тұрақты болғандықтан біз оларды асықтырмаймыз барлығы сапалы жасасын деген оймен, - деді Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Айдар Ситқазинов.

 

Айдар Ситқазинов қазір барлық медұйымдар әдеттегідей жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Жағдай ушыққанның өзінде профильдік ауруханалар түгелдей науқастарды қабылдай береді деп жоспарлануда. Облыстық аурухана жанында салынып жатқан қосымша корпус та жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Басқарма басшысының міндетін атқарушы дәрігер мамандардың тапшылығы болмайды деді. Бұл ретте бес жүзге жуық ақ халатты қажет болған жағдайда провизорлық госпитальдарда істеуге дайын.

 

- Біздің дәрігерлер яғни терапевтер, хирургтер мен гинекологтер және басқа да сала мамандары індет өршіген уақытта барлығы инфеционист болған еді. Біз қазіргі таңда осы дәрігерлер үшін оқу кустарын жиі өткіземіз. Бұл да болуы мүмкін екінші толқынға дайындықтың бір шарасы. Егер бізге тағы да инфекциялық стационарларды ашуға тура келсе дәрігерлер хаттамаға сәйкес инфекционистерге айналады, - деді Айдар Ситқазинов.

 

Жақында барлық қажетті аппараттармен жабдықталған қосымша 16 жаңа жедел жәрдем көлігі жеткізілген. Болашақта оның санын жүзден асырмақ. Сонымен қатар жуықта аймағымызға жетпіс өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Денсаулық сақтау басқармасында өңіріміздегі эпиджағдай әзірге тұрақты екенін атап өтіп, адамдар өткір респираторлық жұқпалы аурулар өршитін кезеңде барынша санитарлық гигиеналық талаптарды қатаң сақтауы керек деді.