24 жастағы павлодарлықты өз ұлының өлімі үшін соттады

Тергеу ақпараты бойынша, әйел сәбидің басынан екі рет ұрған. Кешке жақын ол ауруханаға жеткізілген, бірақ бірнеше күннен кейін қайтыс болды. Бұл ретте, айыпталуышының анасы қызының психикалық ауытқуы бар екенін айтты.

 

Айыпталушының анасы үшін соңғы жыл ауыр болды. Алдымен жұбайы асылып, кейін баласы өмірге келген соң қызы өзін біртүрлі ұстай бастаған. Әйел оның әдеттен тыс қылығына әкесінің өлімі себеп болғанын жасырмайды. Мұны сәби өмірге келген соң дәрігерлер де байқағанын жеткізді.

 

- Баланы қызыма бермеді. Себебі қорықты. Маған демалыс күндері келіңізші деді. Оның көңіл күйі үнемі өзгеріп отырды. Дәрігерлер мұны босанған кейінгі психоз деп түсіндірді. Шығарар кезде, бала күтушіні жалдау керектігін айтты,-деді анасы.

 

Бала күтушіні жалдауға қаражаты болмаған. Әжесі жұмысқа кетсе де, үнемі хабарласып отырыпты. 2022 жылдың 28-і қазанында қызы баламен жалғыз қалған. Айтуынша, оны құлатып алып, бірден айтуға қорыққан, ал кешке әжесі келген соң, жедел жәрдем шақыртқан. Сәби ауруханаға жеткізіліп, бірден ота жасалды. Алайда бір тәуліктен соң, өзі демала алмай, қарашаның 2-сі қайтыс болған. 24 жастағы әйелдің үстінен іс қозғалып, сараптама жасатылып, екі рет әйелдің психалық ауытқуы жоқ екені анықталған. Нәтижесінде айыптау үкімі жарияланды.

 

- ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын және жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін,-деп мәлім етті №2 Павлодар қалалық сотының судьясы Жұлдыз Тілегенова.

 

Айыпталуышының анасы қызының баланы өлімше етіп сабамағанын жеткізді. Іс бойынша жиналған айғақтар қыздың пайдасына шешілмеді. Әйел үкімге келіспейтінін және соттың бірінші санатына шағымданатын мәлімдеді.