25 тамыздан бастап Қазақстанда жүргізушілер үшін ережелер қатаңдатылады
«Жол жүрісі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Полицейлер алдағы түзетулерді түсіндіруде, деп хабарлайды irbistv.kz.
25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар адамдар екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігі мен ИІМ арасында автоматты түрде беріліп отырады. Егер мемлекеттік ақпараттық жүйеде медициналық тексеруден өткені және көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы мәліметтер болмаса, жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл тек осы екі санаттағы жүргізушілерге қатысты.
Тағы бір өзгеріс ЖЖЕ білімін қайта тексеруге қатысты. Кейбір дөрекі заң бұзушылықтар үшін жүргізушіні теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуі мүмкін. Сөз, мысалы, қиылыста апаттық жағдай туғызу, жылдамдықты жүйелі түрде асыру, қауіпті басып озу немесе қатар ауыстыру, қозғалысқа кедергі жасаған немесе қауіп төндірген тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу және басқа да дөрекі заң бұзушылықтар туралы болып отыр.
– Мұндай шара барлық жүргізушіге бірдей қолданылмайды, тек заңнамада тікелей көзделген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Егер жүргізуші тиісті қаулы алған күннен бастап екі ай ішінде дәлелді себепсіз теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады, – деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Бұдан бөлек, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде көлік жүргізгені үшін жаза қатаңдатылуда. Тіпті қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуға байланысты жабылса да, заң бұзушы бәрібір 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Егер адамның жүргізуші куәлігі мүлдем болмаса, ол осы мерзім ішінде куәлік ала алмайды.
