Ақсуда есірткінің 275 мың бір реттік дозасы анықталды

 

 

Облыс бойынша есірткі айналымына қатысты қылмыстар барлық көрсеткіштердің 5,3%-ын құрайды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі полиция департаментіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп, аса ірі көлемде есірткі өндірісімен және сатумен айналысқан адамдардың қызметін тоқтатты. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақсу ауданында жасырын есірткі зертханасы анықталды.

 

-Есірткі сату бірнеше өңірдің аумағында интернет арқылы, «тайник-закладка» әдісімен жүзеге асырылған. Тінту кезінде 55 килограмм синтетикалық есірткі, 800 килограмм прекурсор, арнайы құрал-жабдықтар, қорғаныс құралдары, электронды таразылар, орау материалдары және есірткі буып-түюге арналған басқа да заттар тәркіленді. Бұл зертханада өндірілген есірткінің ауқымын тәркіленген шикізат көлемі мен дайын өнімге қарап бағалауға болады. Заңсыз айналымнан алынған синтетикалық есірткі – бұл кемінде 275 мың бір реттік доза, яғни олар нашақорлардың қолына тимей қалды. Әдетте, «жеңіл табыс» туралы ұсыныстар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келеді және бұл ұсыныстарға жастар жиі жауап береді, – деп хабарлады Павлодар облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Ағымдағы жылы есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 116 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 120 килограмнан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 55 килограмнан астамы синтетикалық есірткілер. «Ауыр» және «аса ауыр» санаттағы 79 қылмыстық іс сотқа жолданды. 30 азамат қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, олардың көпшілігі есірткі сату фактісі бойынша айыпталуда.

 

Фото: Freepik.com