Алматыда жұмыс істеуге рұқсаты бар шетелдіктер Павлодар облысында ұсталды
Шетел азаматтарын Үрлітөбе ауылында тексеру жүргізген полиция қызметкерлері анықтаған. Тексеру барысында олардың Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды.
- Қытай Халық Республикасының азаматтарының төлқұжаттарында С3 санатындағы визалар болған. Алайда визаларды рәсімдеу жүйесінде олардың еңбек қызметін жүзеге асыру орны Алматы қаласы деп көрсетілген. Бұл дерек іс материалдарымен де расталған, - деп хабарлады Железин аудандық сотында.
Сот отырысында 20 шетел азаматының барлығы өз кінәсын мойындап, тағылған айыппен келіскен. Сот оларды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Нәтижесінде әрқайсысына бір тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сот қаулылары заңды күшіне енді.

