Ауыр жарақат алған Екібастұз тұрғыны санавиациямен Павлодарға жеткізілді
Екібастұздың ауыр жарақат алған 35 жастағы тұрғыны санитариялық авиация тікұшағымен Павлодарға шұғыл түрде жеткізілді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Екібастұз қалалық ауруханасының мәліметінше, 1991 жылы туған әйел 30 шілдеде биіктен құлап, алған жарақаттарымен ауруханаға түскен. Зардап шегушінің денесі бірнеше жерден сынған.
Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақтандырғаннан кейін, оны Павлодар қалалық бірінші ауруханасының политравма бөлімшесіне ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
– «Қазавиаспас» АҚ тікұшағы санитариялық авиация дәрігерлерімен бірге науқасты шұғыл тасымалдауды жүзеге асырды. Әуе кемесімен Павлодар облысы Екібастұз қаласынан Павлодар қаласына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін әйел адам жеткізілді, – деп хабарлады ҚР ТЖМ.
