Ақсу мен Екібастұзда пәтерде қамалып қалған бүлдіршіндер құтқарылды
Ақсу және Екібастұз қалаларында кішкентай балалар есікті өздігінен аша алмай қалған. Екі жағдайда да ата-аналарға құтқарушылардың көмегі қажет болды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Алғашқы оқиға Ақсу қаласында орын алған. Онда бір жарым жасар сәби байқаусызда есіктің ілмегін жауып алып, үйде жалғыз қалған. Құтқарушыларға бұл туралы хабарлама 30 қазан күні таңертең түсті. Пәтер ішіне кіру үшін ТЖД қызметкерлері альпинистік құрал-жабдықты пайдаланды. Олар 5-қабаттан 3-қабатқа арқанмен түсіп, баспанаға балкон арқылы кірген. Бүлдіршін аман-есен ата-анасына тапсырылды, оған ешқандай зақым келмеген.
— Осыған ұқсас оқиға 29 қазан күні кешкі уақытта Екібастұзда да орын алды. 2023 жылғы қыз бала пәтер есігін байқаусызда ішінен іліп алған. Құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен есікті ашты. Бала зардап шеккен жоқ, — деп хабарлады Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Фото: Павлодар облыстық ТЖД
