Ақсу тұрғынын әйелді өлтіріп, жағып жібергені үшін 10 жылға соттады
Сәуір айында желіде осы кадрлар тараған болатын. Ақсу қаласының шетінен 41 жастағы әйелдің жалаңаш әрі өртенген мәйіті табылды. Ол кезде полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлаған еді. Алғашында ер адам өз кінәсін мойындап, тергеушілерге оқиғаның мән-жайын баяндаған. Оның айтуынша, жылу құбырының маңында таныс әйелмен ішімдік ішіп отырған кезде әйел оның марқұм анасын қорлаған.
- Ол әйелдің бетінен соққан, әйел құлап түскен. Айыпталушы оның бүкіл денесіне соққы жасай бастаған. Мұның барлығы ішімдік ішкен соң орын алған, - деп хабарлады Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Жанна Ныгыбаева.
Әйелдің дем алмай жатқанын көрген ер адам үйіне барып солярка алып кеп, денесін өртеп жіберген. Сот отырысында ол кінәсін мойындамады, алайда сот бұл жауапкершіліктен қашу деп бағалады. Куәгерлердің, сарапшылардың жауабын тыңдаған сот Ақсу тұрғынына 10 жыл темір торға қамау жазасын тағайындады. Сонымен қатар марқұмның туысқандарына моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

