Баянауыл ауданындағы дала өрті оқшауланды

 

Облыс әкімі Асайын Байханов Қарағанды өңірінен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен Баянауыл ауданына кеше шұғыл түрде барған. Қазіргі таңда елді мекендерге төнген қауіп жойылды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Аймақ басшысы өзінің ресми хабарламасында өрт шалған жердің аумағы шамамен 6 мың га құрағанын хабарлады. Жағдай қалың өскен шөптердің және 12-15 м/с екпінді желдің салдарынан күрделенуде.

 

-Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күштер тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды, өртті жою жалғасуда. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мұндай өрттердің негізгі себептерінің бірі - шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуі,-деп мәлім етті Асайын Байханов.

 

Облыс әкімі шаруа қожалықтарынан ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ, өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуға шақырды.

 

Еске сала кетейік, Павлодар облысы Желтау кентінің 18 тұрғынын, оның ішінде 8 баланы ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағымен алдын ала қауіпсіз жерге эвакуациялау жүргізілген еді.

 

Фото: ҚР ТЖМ