• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Баянауылда қарақұрттарға қарсы улау жұмыстары келер жылы да жалғасын табады

Баянауылда қарақұрттарға қарсы улау жұмыстары келер жылы да жалғасын табады

Бұл туралы аудан әкімі мәлім етті. Осы күні мамандар қауіпті өрмекшілерге қарсы шараларды жүргізуде, кей жағдайды химикаттарсыз, қолмен жұмыс істеуге тура келеді дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Баянауылдағы Торайғыр көлі маңында қарақұрттар өткен жылы тарала бастап, биыл жағдай әбден ушығып кеткен еді. Нәтижесінде аумақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, залалсыздандыру шараларына аудандық резервтен 1 миллион 800 мың теңге қаражат бөлінген. Мамандар 150 га жерде улау жұмыстарын жүргізді. Алайда, ерекше қорғалатын табиғат аумағында шараларды қолмен жасауға тура келген.

 

- Ұлттық табиғи парк аумағында жұмыстарды жүргізген жоқпыз. Қызметкерлер қолмен жинау жүргізуде. Ауылдық округ аумағында химикатпен жұмыс жасадық. Улы затқа қарақұртқа тигенде, ол өліп қалады. Қолмен жинау да жүргізді,-деді Баянауыл ауданы әкімі Ардақ Ксентаев.

 

Қарақұрттарды жою әлі же жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі келер жылы өрмекшілерге қарсы улау жалғасын табатындығын жеткізді. Көктем, күз айларында негізгі бюджеттен қаражат қарастырылмақ. Сонымен қатар, Ардақ Ксентаев қысқы туризм мәселесіне де тоқталды. Мырзашоқы шаңғы кешенін жасанды қармен қамту талқылануда.

 

- Бұл жобаны жүзеге асыратын болсақ, күн суығанда, жасанды қармен бұл жұмыстарды жасаймыз. Жасыбай көліндегі мердігер компаниялар ол жақта тау-шаңғы кешенін жасау жайлы ұсыныс жасап отыр. Негізі қысқы демалыс Жасыбайда шоғырланған, қонақ үйлер сол жақта. Ал Қаражарда қонақ үй жоқ,-деді Баянауыл ауданы әкімі Ардақ Ксентаев.

 

Сол себепті демалушылар, Қаражардағы тау-шаңғы кешеніне барса, Баянауылдағы жатын орындардан 15 шақырым барып жүруге мәжбүр. Шаңғы базасы маңында қонақ үй салу бойынша мәселе қарастырылуда деді аудан әкімдігінде.

 

Фото: Freepik.com