• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Бюджеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз: Павлодарда үй-күйі мен туысқандары жоқ азаматтарды қарызға жерлеуге мәжбүр

Бюджеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз: Павлодарда үй-күйі мен туысқандары жоқ азаматтарды қарызға жерлеуге мәжбүр

Арнайы қызметпен айналысатын мердігерлік ұйым басшысы осылай деп мәлімдеді. Анатолий Конвишердің айтуынша, биыл бюджеттен 92 адамға бар болғаны 3 миллион 800 мың теңге бөлген. Соңғы екі үш жылда шамамен 160-200 адамды жерлейді. Сол себепті бұл сома жеткіліксіз. Әлі осыншама марқұмға қаражат керек. Ал бір адамды соңғы сапарға шығарып салуға 63 мың теңгедей кетеді екен. Және оның құны жыл сайын қымбаттауда.

 

 

-Жерлеу қызметіне қабір қазу, катафалк, қабірге түсіріп, топырақпен жабатын адамдардың қызметі, табыттың, ағаш кресттің құны, кіреді. Егер марқұм мұсылман болса онда ақ кебін мен имамның қызметін төлеу қажет. Жай адам үшін бұл 120 мың теңгеге шығатын еді. Ал туысы, үй-күйі жоқ адам үшін биыл кісі басына 57 мың бөлінді. Бұл өте аз,-дейді мердігерлік ұйым басшысы.

 

Айта кету керек, мұнда көбінесе туысы іздемейтін немесе ешкімі қалмаған, сонымен бірге үйсіз-күйсіз жағдайда көз жұмған адамдар жерленеді. Кейін олардың туыстары анықталған жағдайда марқұмдарды нөмірі бойынша тауып алуға болады.

 

-Қайтыс болғанды түріне, құжатына болса соған қарап мұсылман немесе православиелік зиратқа жерлейміз. Егер оларды туыстары іздесе полиция, сот медициналық сараптамасы мәйітханасы немесе біз арқылы тауып алуға болады. Барлық жерде тіркеледі. Кейде туыстары табылып басына тас қойып жатады,-деп жеткізді Анатолий Конвишер.

 

Қазіргі уақытта жаңа мердігер іздестірілуде. Ал бұл уақытта қазіргісі қаражат болмаса да қарызға жерлеуді жалғастыруда.