Екібастұз тұрғыны сот арқылы әкімдіктен баспана алу құқығына ие болды
Екібастұз тұрғыны қала әкімі мен экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне қарсы сотқа жүгініп, өзі тұрып жатқан пәтерге жалдау шартын жасауды талап еткен деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Ер адамға пәтер 2000 жылы берілген. Сол кезде онымен баспананы уақытша пайдалану туралы бір жылдық жалдау шарты жасалған. Алайда кейін оны пәтерден ешкім шығармаған. Осылайша, тұрғын бұл үйде 25 жыл бойы тұрып келген. Осы уақыт аралығында ол коммуналдық қызмет ақысын төлеп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік мүлікті тиісті деңгейде күтіп ұстаған.
2026 жылғы наурызда екібастұздық тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде есепке қойылған. Кейін ол сотқа жүгініп, жергілікті атқарушы органды өзі тұрып жатқан баспананы жалдау шартын жасасу арқылы беруге міндеттеуді сұраған.
-Сот талаптарды ішінара негізді деп таныды. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес, азаматтарды коммуналдық тұрғын үй қорынан баспанамен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сот екібастұздық тұрғынның даулы пәтерде 25 жылдан астам уақыт тұрғанын және жеке баспанасы жоқ екенін ескерді. Осы жағдайларды негізге ала отырып, сот Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі мемлекеттік мекемесіне пәтерді мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау шартын жасау арқылы беруді міндеттеді,- деді Павлодар облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
