Екібастұзда дауыл кезінде үстіне ағаш құлаған 76 жастағы әйел қайтыс болды
Дауыл кезінде ауыр жарақат алған зейнеткерді 5 күн бойы ауруханада аман сақтап қалуға тырысқанымен, ол көз жұмды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
76 жастағы зейнеткер Екібастұз қалалық ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен 19 маусым күні жеткізілді. Тұрғын үйінің ауласында әйелге ағаш құлап, жарақат алған еді.
-Жүйелі емдік шараларға қарамастан, жарақаттың ауыр салдары және қант диабеті мен жүрек ауруларының бар болуына байланысты, науқас көз жұмды,-деп жеткізді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Ауруханада ем алудың бесінші күні зейнеткердің жүрегі тоқтаған. Еске сала кетейік, бұған дейін 19 маусым күні облыстағы қатты дауыл салдарынан Ақсу қаласында әйелге ағаш құлап, ауыр жарақат салдарынан ол сол жерде жан тапсырған еді.