Экс-полицейді ұсталған ер адамды ұрғаны үшін соттады

23 жастағы ұсталғандардың бірі қамауда ұзақ отырғысы келмей, ғимараттан шықпақшы болғанда күзетші полицей оны тергеу бөлмесіне апарып қолмен ұра бастаған. Жігіт құлаған кезде тәртіп сақшысы оны тепкіге алған. Жапа шегуші таңертең үйіне қайтып, департаменттің жеке қауіпсіздік басқармасына жүгінеді. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды. Сотта айыпталушы кінәсін мойындамай, ер адамды әкелген кезде денесінде көгергендер болғанын айтты. Алайда куәгерлердің жауабы оны растамады.

- Сот үкімімен ол бес жылға бас бостандығынан және мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында үш жылға дейін жұмыс істеу құқығынан айрылды. Сонымен қатар ол полиция сержанты арнайы лауазымынан айрылды, - деді Павлодар қаласы №2-сотының баспасөз хатшысы ГүлсімАхтаева.

Бұрынғы полицейді 400 мың теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді. Айта кету керек, бұл ретте ұсталғандарды дәмханадан алып келген қызметкерлердің жауаптары шешуші болды. Олар жігіттерді бөлімшеге ұрмай-соқпай әкелгендерін хабарлаған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.