• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Экспорттық бақылау: Павлодар облысы шекарасынан дизель, бензин мен битумды заңсыз шығарып әкетуге тырысқан

Экспорттық бақылау: Павлодар облысы шекарасынан дизель, бензин мен битумды заңсыз шығарып әкетуге тырысқан

Өңірлік мемлекеттік кірістер департаменті арнайы брифинг барысында автомобильді өткізу пункттеріндегі экспорттық бақылау бойынша атқарылып жатқан жұмыс қорытындыларымен бөлісті. Павлодар облысында Ресеймен шекаралас 5 пунктте тексеріс жүргізіледі. Ағымдағы жылы 160 000-нан астам автокөлік құралдары бақылаудан өткен екен. Осы орайда, елден әкетуге тыйым салынған дизель отынын, бензин мен битумге қатысты 40 факті тіркелді. Қара металл сынықтарын шығарғысы келгендер де жиі кездеседі екен.

 

-Бүгінгі таңда металл өнімдерге қатысты жағдайлар кездеседі. Металл қалдықтары, оларды шығаруға тиым салынған. Біз жұмыс істеп, тәркіленген заттарды, айыппұл салып, қайтаруға тырысып жатырмыз. Халықаралық келісім бойынша қару жарақтар және квотамен кіретін маусымдық тауарлар да қатаң тексерістен өтеді,-деп жеткізді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Ержан Тоқтарханов.

 

Металл сынықтарына қатысты жалпы 6 факт тіркелген. Экспорттық бақылауға жататын, әскери және қос мақсаттағы тауарларды әкетудің 35 жағдайы анықталған екен. Ілеспе құжаттарды растамай, тауарларды алып қою тізбесінен әкетуге 60-тан астам әрекет тоқтатылды. Аталмыш құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтар жалпы сомасы 4 млн. теңгеден астам айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.