Екібастұзда атыс кезінде адам жараланған

 

 

15 мамырда белгісіз адам медициналық орталық маңында оқ жаудырып, ер адамды жарақаттады деп хабарлады өңірлік полиция департаментінде. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, жәбірленушіге ота жасалып, қазір ол жансақтау бөлімінде.

-Науқас іш жағынан, иықтан алған оқ жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Қазір ол тұрақты ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде. Қажет ем алып жатыр, - делінген басқарма хабарламасында.

Полиция мәліметінше, 15 мамырда сағат 17:40 шамасында Екібастұз қаласы ПБ кезекші бөліміне М.Жүсіп көшесіндегі медициналық орталық маңында әйел көмек сұрап жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Нәтижесінде белгісіз адам Екібастұз қаласының 32 жастағы тұрғынына оқ атқаны анықталды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.

Күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Екінші күдіктінің орналасқан жерін анықтау және оны ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.