Екібастұзда екі көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты
25 қазанда Екібастұз қаласында «Hyundai Solaris» және «Chevrolet Cobalt» көліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Қайғылы оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде жарияланды. Жол апаты Абай көшесінің бойында, аурухана кешенінің маңында болған.
— 25 қазанда Екібастұз қаласында «Hyundai Solaris» пен «Chevrolet Cobalt» маркалы көліктердің қатысуымен орын алып, салдарынан бір адам мерт болып, екеуі жарақаттанған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.
