Екібастұзда полицейлер түтіндеп жатқан пәтерден балаларды құтқарды



Қуынышқа орай жеткіншектер аман, зардап шеккендер жоқ дейді irbistv.kz тілшісі

 

Түнгі сағат 01:00 шамасында Абай көшесіндегі тұрғын үйдегі пәтерден түтін шығып, 2-қабаттан балалар көмек сұрады. Бұл уақытта қалада патрульдеу жүргізген инспектор Алмаз Нұрмағамбетов, Темірлан Шадыров, Мейірман Еркін және ювеналды полиция қызметкері Арайлым Мұхамеджанова көмекке аттанады.

 

ереу екінші қабатқа көтерілдік, бірақ есіктер ішінен жабылған еді. Біз балалармен сырттан сөйлесіп, есіктерді ашқыздық. Кіре сала жас балаларды көтеріп алып, пәтерден шығара бастадық. Бөлмеде мас күйінде ұйықтап жатқан ата-аналар болған. Оятып, оларды да сыртқа шығардық. Жедел жәрдем келген соң балалар да, ересектерді де тексерді. Жеткіншектер ауруханаға жатқызылды. Біз тек өз міндетімізді орындадық. Мұндай жағдайда әр минут маңызды. Ата-аналары бізге алғыс айтты, бірақ біз үшін ең бастысы, бұл жағдайда барлығының аман қалғаны, - деді Екібастұз қаласы ПБ патрульдік полиция инспекторы Алмаз Нұрмағамбетов.


Отбасының жалдамалы пәтерде шамамен бір ай тұратындығы анықталды. Бір, үш, бес жас және ең кішкентай 9 айлық бала болған.

 

-Кәмелетке толмаған балалардың анасы кешкі асты жылытқысы келіп, кастрюльді электр пешіне қойып, өзі төсекке жатып қалған. Ата-аналар пәтерде не болғанын білмеген. Медициналық куәландырудан кейін заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың күтімі жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырып, материалдар сотқа жолданды,-деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінде.


Заңды өкілдердің тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралып, олар ата-ана құқықтарынан 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі материалдар дайындауда. Емдеу курсынан өткеннен кейін жас балалар мемлекеттік мекемелерге орналасады.

 

Фото: Облыстық ПД