Екібастұзда синтетика өндірісі бойынша есірткі зертханасы жойылды



Павлодар облысының Екібастұз қаланың екі тұрғыны синтетикалық есірткі өндіру бойынша жасырын зертхананы ұйымдастырған деп хабарлайды irbistv.kz


Полицейлер күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары жүргізіп салмағы бір килограмнан асатын альфа-PvP психотроптық заты, отандық және шетел валютасындағы қаражат, электрондық таразылар, сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған құрылғылар мен жабдықтарды анықтады. Сонымен қатар 120 литрден астам прекурсор тәркіленді.

-Қаскөйлер есірткіні шағын партияларға бөліп, курьерлердің көмегімен интернет арқылы сатуды жоспарлаған. Ұсталғандарға қатысты есірткі зертханасын ұйымдастыру және синтетикалық есірткі өндіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды,-деді облыстық ПД.


Айту керек, жыл басынан бері полиция 48 есірткі зертханасын жойды, онда 250 кг қолдануға дайын синтетикалық есірткі, 2,5 тоннадан астам прекурсор және 72 кг-нан астам каннабис түріндегі есірткі тәркіленді. Есірткі бизнесі саласындағы 11 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 19 тоннадан астам түрлі есірткі, оның ішінде 5 тоннаға жуық марихуана мен 420 кг синтетикалық есірткі тәркіленді, – деп атап өтті ведомствода.

Фото: Облыстық ПД