Ер адамдар гинекологқа жүгінген: Павлодарда алаяқтық схема анықталды
Тергеу нұсқасы бойынша, жалған мәліметтер енгізу әрекеттері Павлодар қаласындағы жеке клиникалардың бірінде орын алған. Қазіргі уақытта іс аясында барлық материалдар зерттеліп жатыр, деп хабарлайды irbistv.kz.
Экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, Павлодардағы клиникалардың бірінде екі жыл бойы мемлекеттік қаржыландыру алу мақсатында көрсетілген медициналық қызметтер туралы есептерге жалған ақпарат енгізілген.
- Мекеме азаматтарға мемлекет кепілдік берген медициналық көмекті көрсеткендей етіп, құжаттарға жалған деректер енгізген.Тергеу барысында қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілді деген мәліметтер тіркелгені анықталды. Сондай-ақ ер адамдарға гинекологтардың қызметі көрсетілгені туралы ақпарат енгізілген. Бұдан бөлек, емханаға тіркелмеген азаматтарға да медициналық қызмет көрсетілді деп жазылған. Яғни, адам емханаға тіркелмесе де, оған қызмет көрсетілгендей рәсімделген, – деді Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Ғалиасқар Қасымов.
Алдын ала болжам бойынша, бұл схемаға пациенттер, медициналық ұйымның басшылығы және дәрігерлер тартылған болуы мүмкін.
Әзірге іс бойынша күдіктілер анықталған жоқ. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал көлемі 15 миллион теңге деп бағаланып отыр.
Тергеу амалдары жалғасуда.
