Ер адамды өлтірген павлодарлықты 11 жылға қамады
Павлодарлық Ерғанат Бисембаевтың өліміне кінәлі азаматқа 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілде айында ер адам Нұрмағамбетов көшесіндегі үйдің ауласында досын қорғаймын деп пышақ жарақатын алған болатын деп хабарлайды irbistv.kz. Қылмыстық іс кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалғанымен, алқабилер соты бапты жеңілдеу түріне өзгерту туралы шешім шығарып, бұл сотталушының босатылуына әкеп соқтырған еді.
30 жастағы Ерғанат Бисембаев 2025 жылдың жазында Нұрмағамбетов көшесіндегі үйлердің бірінде досына қонақта болған. Кешкі сағат 10-нан кейін үйіне қайтуға жиналып, көшеде такси күтіп тұрған. Сол кезде бірнеше адамның оның досына бас салғанын көріп, араға түседі. Төбелес кезінде ол пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Алқабилер соты бастапқыда үкімді «қажетті қорғаныс шегінен асып кету» бабы бойынша шығарып, 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын. Тергеу абақтысында отырған уақытын есепке алғанда, айыпталушының отыратын мерзімі аз қалған еді. Жәбірленуші тарап пен прокурор бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сатыда үкімнің күшін жоюға қол жеткізді. Кейін іс қайта сотқа түсіп, «абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қаралды. Оған қоса, айыпталушының қамауда отырған кезінде жасаған бопсалау қылмысы да қосылды. Баптардың жиынтығы бойынша оған түпкілікті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
- Иә, өмір жалғасуда, жұмыс істеймін, балаларды тәрбиелеп жатам. Балаларды тәрбиелеуге көмектесетін жанымда анам, әпкелерім бар. Әрине, мұндай үкім шыққаны өте әділ, бірақ жүректегі ауырлық кеткен жоқ және ешқашан кетпейді. Ол жазасын өтеп шығады, ал менің күйеуімді ешкім қайтарып бере алмайды, - дейді Ерғанат Бисембаевтың әйелі Айзада Бисембаева.
Айта кету керек, марқұм Ерғанат Бисембаевтың артында 3 және 6 жастағы екі баласы қалды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен, көз жұмған азаматтың жұбайы бір жарым жылға созылған іске нүкте қою үшін соңына дейін баруға дайын.

