Көлігін қайта қойғанын ұмытып қалған

Ер адам көлігі жоқ болып кеткенін айтып полицияға қоңырау шалған. Бірден қала көшелерін аралап, іздеуге кіріскен тәртіп сақшылары көлікті жақын маңдағы аулалардың бірінен тапты.

 

Кейін белгілі болғандай ер адам машинаны сол жерге өзі қалдырып кеткен екен. Мас болғандықтан қайда қойғанын өзі ұмытып қалған.

 

- Автопатрульдердің бірі соған ұқсас көлікті байқап қалған. Салонда ешкім болмады. Тек ән ойнап тұрды. Жалған қоңырау үшін ер адамға қатысты әкімшілік кодекстің 438-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, - деді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова.

 

Ер адамға полиция қызметкерлеріне соғылған жалған қоңырау үшін 30 АЕК айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл - 87 000 теңге.