Көлік нөмірін қағазбен жасырған жүргізуші 2 тәулікке қамалды
Қыркүйек айында «Омбы — Майқапшағай» тасжолында «Toyota Camry» жүргізушісі Пятерыжск ауылының маңында мемлекеттік нөмірін камера танымас үшін оны кәдімгі қағазбен жапсырып тастаған. Алайда қулығы іске аспай, тәртіп сақшылары заңбұзушылықты бірден анықтады және темір тұлпарды айып тұрағына жөнелтті.
Сотта көлік иесі өз кінәсін толық мойындап, ісіне өкінетінін білдірді. Ол бұған дейін әкімшілік жауапқа тартылмаған.
Железин аудандық сотының ақпаратына сәйкес азамат кінәлі деп танылды. Оған екі тәулікке әкімшілік қамау жазасы беріліп, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал тәркіленген көлік заңды иесіне қайтарылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

