Майқайыңдағы апат: Жұмыс берушінің кінәсі 100 % дәлелденді

 

 

Астанада сот "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі kaz.nur.kz сілтеме жасап.

 

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қаңтарда "Майқайыңалтын" АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлері автобус тазарту кеңістігіне құлап кетіп, екі адам қаза тауып, қалған екеуі іс-түссіз жоғалған еді.

 

- Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексінің 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды. Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасап, оған жұмыс берушінің 100 % кінәсі бар екені анықталды" , - делінген хабарламада.

 

Айту керек, орын алған жазатайым оқиғаға байланысты жұмыс беруші тарап қатысы жоқ екенін айтып, дәлелдеуге тырысқан еді. Істі қарау кезінде сот тау-кен массасының кеңістікке құлауы салдарынан топтық жазатайым оқиғаның себептеріне мыналарды жатқызды:

 

  • "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше жүзеге асырмай, жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы.

  • Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу процесін тиісті деңгейде бақыламау.

  • Талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмаған (әзірленбеген).

 

-Жазатайым оқиға жұмыс уақытында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде болған. "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100 % кінәсі бар деп танылды, - деп мәлім етті Астанадағы сотта тараған хабарда.

 

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

 

Фото: Валерии Бугаев