• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Мас күйінде көлік басқарған Май ауданы жер қатынастары бөлімі басшысын қамап, жүргізуші куәлігінен айырды

Мас күйінде көлік басқарған Май ауданы жер қатынастары бөлімі басшысын қамап, жүргізуші куәлігінен айырды

Аудандық бөлім басшысын 2022 жылдың қазанында полиция қызметкерлері қызметтік көлікте масаң күйде жүргізіп келе жатқанда ұстаған. Бірден әкімшілік хаттама толтырған. Еңлік Тайшыбаева кінәсін мойындаған.

 

- 2022 жылдың 5 желтоқсанында Павлодар облысы Май аудандық сотымен Тайшыбаева жоғарыда аталған бап бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, және автокөлік басқару құқығынан 7 жылға айрылды,-деді Павлодар облысы ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі департаменті басқармасының басшысы Руслан Иманқұлов.

 

Әкімшілік іс шенеуніктің бұл қылығын тәртіптік кеңесте қарауға түрткі болды. Ал бөлім басшысы болса, ауруынан жазылып, жұмысқа бару үшін осылай жасағанын түсіндірді.

 

- Мен өзім сол күндері бір жұмадай суық тиіп ауырған болатынмын. Мен сондықтан сыраны үйге әкеліп, жылытып, ақырындап ішіп отырдым. Қақырық шығаруға, емделуге жағымды әсер етеді дейді ғой, ертеңгі күні конкурсқа қатысу үшін,-деп жеткізді Май ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Еңлік Тайшыбаева.

 

Отырыс нәтижесінде тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан шенеунікті жұмысынан шығару туралы шешім қабылдады.