Мүгедек рецидивисті сегіз жылға абақтыға қамады

Бастапқыда екінші топ мүгедегіне жүк тиегішті ұрлады деген күдік ауып отырғанын хабарлады. Алайда қазір, бір жарым жыл өткен соң, жылқы ұрлау дерегі бойынша айып тағылғаны анықталады. 2018 жылы ер адам өзінің сыбайласымен бес жарым миллион теңгеден аса тұратын 18 бас малды ұрлаған. Бір жылдан соң екі жарым миллион тұратын тағы жеті басты қолды қылған. Сотта кінәсі толық дәлелденді. «Полицейлер мені ұрды», - деп айыптаған ролик авторына қатысты үкім шықты. 

 

- Қылмыстың ауырлығы мен бірнеше қылмыс жасағанын ескере отырып, қауіпсіздігі орташа абақтыға 8 жылға қамау жазасы тағайындалсын. Сонымен бірге сыбайласына жапа шегушіге шығынды толық қайтарғандығын, 5 кішкентай баласы барын, олардың біреуі мүгедек екенін және жұбайы қайтыс болғандықтан балалардың жалғыз асыраушысы болғаны үшін пробациялық бақылау орнату арқылы 4 жыл бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деді Маржан Құрманғалиева, Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы.

 

Жапа шегушілердің пайдасына 7 миллион 700 мың теңгеден астам шығын өндірілді. Мүгедектің ақыл-есі дұрыс деп танылды. 2019 жылдың қыркүйегінде полицейлер оларды ұрып-соқты деп айыптаған ер адамның рецидивист екенін хабарлады. Қылмыстар тізімінде ауыр дене жарақаттарын салу, тонау, ұрлық, адам өлімі және қарақшылық бандитизм де бар.