Наурыздың 1-нен 5-ші сыныптар дәстүрлі білім жүйесіне ауысады
Жаңа қаулы бойынша бұрынғысынша бұқаралық және салтанатты шараларға тыйым салынған. Каракоке клуб, қорқор шегу орындары, батуттар мен ойын клубтары жабық болады. Мәдениет нысандарында 30 адамнан аспайтын болса репетиция жасауға рұқсат. Театр, кинотеатрлар жалпы қуаттылығынан 20 проценттен аспайтын келушілер санын қабылдай алады. Кітапхана, музейлер де ашылады. Қала және аудан аралық автобустар 300 км аспайтын қашықтыққа жүре алады. Ұжымдық бас қосуларсыз мешіт, шіркеулер де жұмыс істемек.
- Қоғамдық көлік барлық күндері жүретін болады. Ал қоғамдық тамақтану орындары адам санын 50-ден асырмай сағат 24.00-ге дейін жұмыс істей алады. Мұнда арақашықтық қатаң сақталуы тиіс. Сауда үйлері, ірі дүкендер де демалыста ашық болмақ, - деді Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері Батырбек Әлиев.
Сонымен қатар наурыздың 1-нен бастап бесінші сынып оқушылары ата-аналарының өтініш жазуы арқылы кезекші сыныптарда оқи алады. Одан бөлек барлық санитарлық талаптар сақталған жағдайда білім мекемелеріндегі асханаларға жұмыс істеуге рұқсат берді. Құжат ақпанның 27-сі түнгі он екіден кейін күшіне енеді. Адамдар бұрынғысынша бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндетті.

