Павлодар ауданында тұрғынның үйінен шығу тегі белгісіз қару табылды

Құқықбұзушылық «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері 40 мың үйді аралап, тұрғындардан бұрын шағым түскен мекенжайларды тексерген.

Өңірде жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі – тыныштықты бұзу. Бұл үшін 438 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар тексеру барысында өзге де заңбұзушылықтар анықталды.

- «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар ауданының 41 жастағы тұрғынының үйінен ішкі істер органдарында тіркелмеген, шығу тегі белгісіз қару табылған. Азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінде.

Бұдан бөлек, Шарбақты ауданында көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды. Өзбекстан азаматы Қазақстан аумағында 178 күн бойы заңсыз жүрген. Оған қатысты да әкімшілік іс қозғалды.