Павлодар дәмханаларында карантин тәртібі қаншалықты сақталады?

Екі мониторинг топтың құрамында полицейлер мен кәсіпкерлік бөлім өкілдері бар. Олар түнгі уақытқа дейін жұмыс істейтін дәмханалар мен түнгі клубтарды аралады. Басты талап - әлеуметтік қашықтықтың сақталуы, «ASHYQ» қосымшасы бойынша жұмыс істеу және уақытында жабылу. Айта кетейік, аталмыш қосымшамен Павлодарда 250-ден астам бизнес нысаны жұмыс істеп жатыр.

 

- Осы жылы біз 161 тексеріс жүргіздік. Қазір 92 материал СЭС-ке жіберілді. 75 нысан бойынша шешім қабылданды. Бюджетке шамамен 14 миллион теңге қаражат өндіріліп алында. Қазір төрт материалмен жұмыс жүргізілуде. Олар 230 АЕК айыппұл салу үшін яғни 630 мың теңге төлету үшін сотқа жіберіледі, - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Қадиша Беготаева.

 

Сонымен қатар бақылау тобының өкілдері таңғы сағат төртке дейін жұмыс істеген лоундж-барға да айыппұл салынғанын айтты. Естеріңізге сала кетсек, ол ғимаратта жас жігіт ауыр жарақат алған еді. Оқиға орына дәрігерлермен қатар тәртіп сақшылары барып, карантин тәртібі бұзылғанын анықтаған болатын. Себебі «ASHYQ» қосымшасы бойынша олар тек түнгі екіге дейін жұмыс істей алады.