Павлодар мейрамханаларында заңсыз күзет қызметі жұмыс істеген



Қаланың бірқатар ойын-сауық мекемелерінде рұқсат құжаттарынсыз қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, фейс-бақылау жүргізген бір топ азамат ұсталды деп жеткізді irbistv.kz тілшісі.

Ұйымдастырылған қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жедел уәкілдер облыс прокуратурасының үйлестіруімен ойын-сауық мекемелеріндегі күзет қызметкерлерін ұстады.

- Тергеу барысында қатысушылардың қаланың 12 ойын-сауық орындарында заңсыз күзет қызметін ұйымдастырғаны анықталды, онда олар маргиналдық жастар қатарынан, спорттық дайындықтан өткен, біліктілік талаптары жоқ, күзет ретінде жұмысты жүзеге асыру үшін жас жігіттерді жинаған. Еңбек шарттары жасалмаған. Заңсыз күзет қызметі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деді Павлодар облысы ПД ҰҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Облыстағы 12 ойын-сауық мекемесіне тексеру жүргізу барысында күзет қызметін жүзеге асыратын 30-ға жуық адам, оның ішінде заңсыз күзет агенттігінің ұйымдастырушылары полицияға жеткізілді. Заңсыз кәсіптен түскен табыс 200 миллион теңгеден асуы мүмкін деді облыстық полиция департаментінде.

Фото: Облыстық ПД