Павлодар облысында іздеуде жүрген 57 адам анықталды
Полиция біздің облыста жасалған қылмыс үшін іздеуде жүрген тұлғаларды көршілес өңірлерден анықтаған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Кезекті іздестіру шараларының бірі Семей қаласында жүргізілді. Павлодар облысы полициясының жедел уәкілдері Семей қаласындағы әріптестерімен бірлесіп, пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген 36 жастағы ер адамды ұстады.
-Анықталғандай, ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Сот үкіміне сәйкес, ер адам пробациялық бақылауда болған. Алайда 2026 жылдың қаңтар айында тұрғылықты мекенжайын өз бетінше тастап, бой тасалаған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде іздеудегі азаматтың жүрген жері анықталып, ол ұсталды. Қазіргі уақытта ер адам Семей қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Жақын арада ол Павлодар қаласына этаппен жеткізіледі, – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Оның айтуынша, із жасырып жүрудің еш мәні жоқ. Қылмыс жасаған адам түптің түбінде заң алдында жауап береді. Ал жауапкершілік пен жаза мөлшері әрбір істің мән-жайына және адамның жасаған әрекетіне байланысты белгіленеді.
